Жануарды қатыгездікпен өлтіргендер 583 мың теңге айыппұл арқалайды

Ая Өміртай

Жаңа заң жобасында жануарды өлтіруге жеткізген қатыгездік үшін 583 мың теңге айыппұл қарастырылған. Бұл жайында бүгін ҚР президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» брифинг барысында экология вице-министрі Әлия Шалабекова атап өтті, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

фото: Ашық дереккөзден

Вице-министрдің айтуынша, жаңа заң жобасын қабылдаудың мақсаты – жануарларға адамгершілікпен қарауды құқықтық реттеу, оларға мейіріммен қарау.

«Жануарларға қатыгездіктің жиі кездесетін фактілері қоғам мен үкіметтің алаңдаушылығын тудырды. Қабылданған этикалық құндылықтар шеңберінде жануарлар мен адамның амандығы және адамдардың бойына жанашырлық, қайырымдылық  сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыру негізгі мақсат», – деді ол.

Жануардың жағдайы үшін иесінің жеке жауапкершілігі, оның ішінде әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген. Атап айтқанда, жануарды өлтіргені үшін жаза 120-дан 200 АЕК-ке дейін, ал қайталап бұзған кезде – 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не бір жылға дейін бас бостандығынан айыруға қатаңдатылды.