Шымкент гарнизонының әскери сотында 2021 жылғы 26 тамызда болған Жамбыл облысындағы жарылыстарға қатысты іс бойынша әскери қызметшілерге үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сотталушылардың арасында бұрынғы қатардағы жауынгерлер, әскери бөлім бастығының міндетін атқарушы мен оның орынбасары бар. Сондай-ақ, бұл оқиғаға Қорғаныс министрлігінің пайдалану бөлімдерінің бұрынғы екі бастығы айыпталды.
Тергеу сарбаздар басқа біреудің мүлкін қасақана жойып жібергенін, ал әскери бастықтар қару-жарақ немесе қауіпті заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзғанын анықтады.
Айыпталушылардың бәрі кінәлі деп танылды. Сарбаздар Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбай 9 жылға бас бостандығынан айырылды, ал басшылар ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Еске салайық, осыдан екі жыл бұрын 26 тамызда сағат 18.45-те Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының инженерлік оқ-дәрі базасында қоймалардың бірінен өрт шықты. Өрттен 10-нан аса жарылыстар болды. 18 адам қаза тапты, көпшілігі – ТЖМ құтқарушылары. 98 адам ауруханаларға медициналық көмекке жүгінді. Бірнеше аудан мен әскери бөлімге 25 млрд теңге көлемінде залал келтірілді.