«Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Апсаттарова Рavlodarnews.kz ақпараттық агенттігіне бұл дәстүрдің маңыздылығы мен ерекшелігі жайлы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Ертеде ата-бабаларымыз сәби дүниеге мерзімінен бұрын келгенде тымаққа салған. Нәресте тым кішкентай болған соң оны бесікке бөлеуге немесе құндақтап орап, қолға ұстауға да келмеген. Сондықтан үлкендердің тымағына салып, киіз үйдің керегесіне іліп қойып отырған. Құйтақандай әлсіз бөбек неше күн жетпей ерте дүниеге келсе, сонша күн тымақта күтіп баққан, – дейді ол.
Сәбиді көп жасаған, киелі адамдардың тымағына салған. Түлкі тымақ жылы әрі баланың еркін қимылдауына ыңғайлы болған. Әсіресе, баланың қатты ұйықтап кетпеуіне ерекше көңіл бөлінген, себебі оның қайтадан оянбай қалу қаупі болған. Сол себепті аң терісінен тігілген тымақтың қылы баланың денесін жыбырлатып, оның жиі оянып, қимылдауына септігін тигізіп отырған.
Бала тиісті мерзім өткеннен кейін керегенің басындағы тымақтан алынып, әдеттегідей бесікке салу рәсімі өткізілген.
– Менің өзімнің тұңғыш қызымның салмағы 1700 грамм ғана болды. Жеті айлық болып туды. Тым кішкентай болған соң атамның тымағына салып өсірдім. Енемнің көзі көрмейтін еді, бірақ қалай істеу керек екенін айтып отыратын. Мұндай балалар ерекше күтімді қажет етеді, – дейді Айжан Апсаттарова.
Бүгінде ақ жаулықты әже шала болып туған қызынан үш жиен сүйіп отыр.