Қызылорда облысында әлеуметтік корпорациядан 101 млн теңге ұрланған

Ғалиасқар Думан

Қызылорда облысында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына» тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Облыстық прокуратура мәліметінше, тексеру барысында «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС (ӘКК-нің еншілес ұйымы) 2018 жылдың наурызында «Мега Агро» ЖШС-дан 2400 тонна күріш астығын 120 млн теңгеге сатып алу туралы келісімшарт жасағаны анықталды. Қаражат толық көлемде аударылған.

Шарт талаптарына сәйкес тауар 2018 жылдың қазанына дейін жеткізілуі тиіс болған.

Өз кезегінде жеткізуші өз міндеттерін толық орындамай, 101 млн теңге мемлекет қаражатын бас пайдасына шығындаған.

Одан бөлек сол мерзімде көрсетілген 2 серіктестіктің басшысы М.Еспанов болған. Осылайша М.Еспанов мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам бола тұра, өзіне тиесілі «Мега Агро» ЖШС арқылы бюджет қаржысын жымқыру мақсатында аффилирленген шарт жасаған.

“Бұл факт бойынша облыс прокуратурасы 19.08.2022ж. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс тіркеді. Тергеу барысында М.Еспановқа қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, оның әрекеті ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен қайта сараланып, ол кінәсін толық көлемде мойындады және қылмыстық іс сотқа жолданды. Жалағаш ауданы сотының 03.10.2023ж. үкімімен М.Еспановқа 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазасы тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Мемлекетке келтірілген 101 млн теңге көлеміндегі залал толық көлемде өндірілді.