Алматы облысында шенеуніктер бір кітап жинағын 14 млн теңгеге сатып алмақ болған

Ғалиасқар Думан

Алматы облысында мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында бағаны негізсіз көтеру фактілері анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Антикор мәліметінше, «Іле ауданы әкімінің аудандық кітапханасы» КММ 14 млн теңгеге бір кітап жинағын және 6 млн теңгеге кітап оқуға арналған компьютерлік құрылғыны сатып алуды жоспарлаған.

Алайда еріктілер кітап жинағының орташа бағасы 1,1 млн теңгені, ал кітап оқуға арналған компьютерлік құрылғының бағасы 360,9 мың теңгені құрайтынын анықтады.

“Бұл ретте аудандық кітапхана бағаны 18,5 млн теңгеге көтерді. Осыған байланысты еріктілер Іле ауданының мәдениет бөліміне бағаларды қайта қарау жөніндегі ұсыныс жіберді. Нәтижесінде кітапханаға сатып алудан бас тартылды, 20 млн теңге сомасында бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы облысының шенділері 20 млн теңгені негізсіз жұмсамақ болған еді. Облыстың Цифрлық технологиялар басқармасы бір данасы үшін 497 265 теңге бағасымен 32 компьютер, бір данасы үшін 514 880 теңге бағасымен 3 ноутбук және бір данасы үшін 598 214 теңге бағасымен 4 моноблок сатып алуға конкурс жариялаған. Бұл ретте аталған тауарлардың орташа құнының мониторингі барысында бағалар тиісінше 102,78%, 77,54% және 60%-ға жоғары болғаны анықталды.