«Абақтыға жабыласың деді»: Ноғаевтың адамдары аудан әкімдігіне кандидатқа қоқан-лоқы көрсеткен

Ғалиасқар Думан

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы әкімдігіне кандидат Бекзат Әзірханов аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың сайлау науқанындағы заңсыз әрекеттері жайлы мәлімдеді. Бейнеүндеу жазған үміткер өзіне әкімдік тарапынан қоқан-лоқы көрсетіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“Сайлау науқанында қалуыма 11 сағат уақыт бар. Уақыт шектеулі. Алайда соңына дейін күресетін боламын. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Бейнеу әкімін сайлаудағы заңсыздықтарды білмедім, оған тиісті органдар жауап береді деп ресми түрде жауап берсе де, бұл мәселе облыс әкімі Ноғаевтың жауапкершілігінен түспейді деп есептеймін. Егер ол заңсыздықты білмедім десе, бұл – президент Тоқаевтың әділ сайлау өткізу туралы тапсырмасына немқұрайлықпен қарау. Ал егер заңсыздықты біле тұра еш әрекет етпесе, бұл – заңсыздықты қолдау. Президент тапсырмасын орындамайтын, заңсыздыққа жол беретін Нұрлан Ноғаевта қандай өкілеттік бар?”, – дейді кандидат.

Әзірханов облыста азық-түлік қымбатшылығы, газ тапшылығы, Жетібай ауылындағы ереуілдер, яғни бірінші кезекте халық игілігі үшін шешілуі тиіс мәселелер тұрғанда Маңғыстау облысының әкімдігі блогер сатып алу, заңсыз қаулылар шығару, прокурор мен сотқа тапсырма беру, үркіту, заңды белден басу жұмыстарымен айналысып жатқанын айтты.

“Мен Бейнеу ауданы әкімі болуға үміткер ретінде тіркелгеннен кейін Маңғыстау облысы аппаратының басшысы Аман Қалмұратов менімен байланысқа шығып, алдау, үркіту, сатып алу формаларымен өтінішімді кері қайтарып алуымды сұрады. Егер өтінішімді қайтарып алатын болсам, “біріншінің” досы боласың деді. Бірінші деп отырғанымыз – облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы. Егер қайтарып алмайтын болсаң, анаңның бизнесіне қауіп төндіреміз, ініңнің қызметіне тосқауыл қоямыз деді.

Сонымен қатар, мені сатып алу формасына көшіп, Маңғыстау облысы әкімдігі аппараты басшысының орынбасары, әлеуметтік қорғау және қаржы басқармаларының басшысы қызметтерін ұсынды. Және бұлармен қоса, жақсы жабдықталған кабинет, қызметтік көлік, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге уәде берді. Мен “Өтінішімді кері ала алмаймын, президенттің әділ сайлау өткіземіз деген тапсырмасы қайда?!” деп едім, “Әй, Бекзат, сен де қызықсың-ей, оның бәрі бос сөз” деп жауап берді. Сонымен қатар Президент әкімшілі аппаратындағы Жаханов Бақытжан атты азаматтың “Бекзатпен сөйлестіңдер ме, мәселені шештіңдер ме?” деген смс-хабарламасын көрсетіп, бәрі әлдеқашан шешіліп қойғанынын, әділетті Қазақстан жоғын айтты”, – дейді әкімдікке үміткер.

Айтуынша, аппарат басшысы кандидатқа өтінішін кері алмаған жағдайда ісі насырға шабатынын, үстінен іс қозғалып, тіпті абақтыға жабылуы мүмкін екенін ескерткен.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 5 қарашада пилоттық режимде 42 аудан мен облыстық маңызы бар үш қала әкімдерін сайлау өтеді.

Бұдан бұрын кандидаттарды тіркеу 15 қыркүйекте басталып, сайлаудың өзіне 25 күн қалғанда – 10 қазанда аяқталатыны хабарланған