Жол-көлік оқиғасы Омбы - Майқапшағай автожолында болды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
pavlodarnews.kz-ның мәліметінше, 18 қазан күні сағат 19-25 шамасында «Тойота» автокөлігінің 48 жастағы жүргізушісі Заря ауылына қарама-қарсы 1955 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кетті.
«Әйел адам оқиға орнында дене жарақатынан көз жұмды. Жүргізуші жарықтың болмауына байланысты жаяу жүргіншіні кеш байқап, әрекет ете алмай қалған. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Сараптама тағайындалды», - дейді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Полиция департаменті «Қазавтожол» АҚ басшылығына қала сыртындағы жолдарда (елді мекендердің жанында, қауіптілігі жоғары жерлерде, өткелдердің үстінде, мал айдау учаскелерінде, автобус аялдамаларында) жасанды жарықтандыру орнату мәселесі бойынша ұсыныстар жіберді.
Сонымен қатар, полицейлер жол қозғалысына қатысушыларды көлікті басқару кезінде, әсіресе қала сыртындағы жолдарда аса мұқият болуға, жылдамдық режимін және жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтауға шақырады.