Әскери қызметшінің өліміне қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 қарашада 6637 әскери бөлімінің (Петропавл қаласы) келісімшарт бойынша әскери қызметшісі әріптесінің абайсызда атылған оғынан жарақат алды. Ол шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді. Бірақ дәрігерлер әскери қызметшіні құтқара алмаған.
“Қызметтік тергеу тағайындалды, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстарына көңіл айтады”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, қазан айында Теміртауда ҚР Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің сарбазы мерт болған. Ол кезекші бөлімшенің құрамындағы қызметі кезінде штаттық қарудан өз басына оқ атып, көз жұмды.
Ал қыркүйекте Ұлттық ұлан офицерлері Жамбыл облысында «Айша бибі» полигонындағы оқу-жаттығу кезінде жарақат алған. Қауіпсіздікті бұзу салдарынан үш офицердің аяғы жараланды. Әскери қызметшілер Тараз қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілгені хабарланды.