Астана әкімі ақылы автотұрақтар қызметі қалай өзгеретінін айтып берді

Аян Өрібай

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы ақылы автотұрақтардың локациясы мен уақыты өзгеретінін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

– Ақылы автотұрақтар бойынша ахуал түбегейлі түрде өзгерді. Бірнеше ай бұрын соған қатысты сот істері таяуда ғана аяқталды. Бір кездері беріліп кеткен жердің бәрі әкімдіктің басқармасына қайтарылды. Ақылы автотұрақтардан түсетін сома үлесі де өзгертілді. Қазір табыс ішінде әкімдіктің үлесі 25 пайыз, – деді Қасымбек.

Әкімнің сөзінше, ақылы автотұрақтардың локациясы түбегейлі өзгертіледі. Елордадағы әлеуметтік нысандардың маңайының бәрінен, ауруханалар мен мектептерден ақылы автотұрақтар алынып тасталады.

– Ол жерлерде автотұрақ тегін болады. Жалпы ақылы автотұрақ қала трафигінде мәселені реттеудің бір жолы екенін атап өту керек. Ақылы автотұрақ барлық ірі қалада бар. Оған қоса локацияны, уақытын өзгертумен қатар, біз келесі жылдан бастап қаладағы көшелердің кейбірі бір бағытты ғана болады. Біз қазірдің өзінде дайындалып жатырмыз. Қоғамдық тыңдаулар өтеді. Ақылы автотұрақтар мен бір бағытты жолдарға байланысты ешқандай кулуарлы шешімдер болмайды, – деді ол.