Түркістан облысында 1000 астам балабақша жабылу алдында тұр

Ulysmedia

Түркістан облысында 1000-нан астам жеке меншік балабақша жабылудың алдында тұр, себебі мемлекеттен бала басына берілетін субсиядияға үш жылдан бері жарымай келеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

otyrar.kz-ның мәліметінше, қаржыландыру өзге өңірдің қалаларда 37 мың теңге болса, ауылды жерлерінде 41 мың теңгені құраса, күнгейде бар-жоғы 25 мың теңге көлемінде алады. Жағдайларын айта-айта шенеуніктерге жақпай қалған балабақша өкілдері облыстық әкімдіктің алдына жиналды.

Қолдарына плакат алып, балабақшадағы жан басына қаржыландыруды көтеруді талап еткендер әкімдік алдына жиналды. Облыс бойынша 115 мыңнан астам бүлдіршінді тәрбилеп отырған жекеменшік бөбекжай басшылары Білім министрінің 2018 жылғы бұйрығының орындалмай отырғанына наразы. Яғни, қаражат тиісті ведомстводан бір түссе, кейін облыстық бюджеттен тағы түсетін көрінеді. Бірақ, бұйрық тек қағаз жүзінде болғандықтан бөлінетін ақша шығындарын мүлдем жаппайды екен.

«Біздің білікті мамандарымыз, тәрбиешілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Жоғары санатты тәрбиешілеріміз базарға шығып істеп отыр. Жылыжайларға барып жұмыс істеп жатыр. «Апай біз бір күніне базарға шықсақ, 10 мың теңге табамыз. 60-70 мың теңгемен біз қалай күн көреміз. Қалай бала-шағамызды асыраймыз?» деп отыр», - дейді Үздіксіз білім беру қауымдастығының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ділдар Хавивова.

Жауапты шенділер жекеменшік балабақша өкілдерін бірден әкімдік алдынан алып кетіп, залға кіргізіп сөйлесуді жөн санады. Тіпті, облыс әкімнің бір емес, екі бірдей орынбасары мәселенің мән-жайын түсіндіруге тырысып бақты. Салған жерден ақша жоқ деген Шөкеевтің орынбасарына жиналғандар сұрақты төтесінен қойды.

«Осы басқармада 9 млрд. ақшаны жымқырған адамдар жауапқа тартылып, іс қозғалып жатыр. Оның бәріне қол қойған мына – Сәкен. Оны мен айтайын түсінікті қылып, колледждерге берілетін грантты бұл кісілер сатқан. Оны аудит тексеріп, іс қозғаған. Бірақ қимылдамай тұр іс», - дейді жеке меншік бала-бақша құрылтайшысы Өтепберген Атажан.

Мемлекеттік бағдарламаны орындап, бөбекжай тапшылығын жоюға септігін тигіздік деген жекеменшік балабақша өкілдерінің тиісті басқарма мамандарының жұмысына көңілдері толмайды. Ал шенеуніктер олардың жағдайын министрліктерге және мәжілісмендерге жеткіздік дейді. Бар гәп, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға ілінбей қалғандарында екен.

«Біз осы мәселені көтеріп келе жатқан кезімізде, Білім және ғылым минстрлігі тарапынан бізден қолдау тапты. Оны Қаржы министрілігіне, оны Білім министрлігі ұсынды. Бірнеше рет ұсынды. Қазір Қаржы министрлігінен қолдау таппай отыр. Бюджет тапшылығынан», - дейді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Амантай Өсербаев.