Сенатта ауыл шаруашылық кооперативтерінің бүгінгі жай-күйі талқыланып жатыр. Отырыста сенатор Сәкен Арубаев ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны жағынан ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың статистикасы сәйкеспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Қазіргі таңда Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтері 3284-ке жетті. Дегенмен, талдау нәтижелерін қарасақ, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 3284 ауыл шаруашылығы кооперативінің 60 пайызы салық төлемейтін немесе әрекетсіз болып танылған. Ал жергілікті атқарушы биліктің мәліметінше, 1529 кооперативтің 432-і жұмыс істемейді. Мұндай еселі айырмашылықтардан орталық билік пен жергілікті атқарушы биліктің арасындағы байланыстың жоқтығын көруге болады, – дейді ол.
Сенатордың сөзінше, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша құрылған ауыл шаруашылығы кооперациялары 400-ді құрап, 100 млрд теңге бөлінсе, Аграрлық несие корпорациясы АҚ арқылы 543 ауыл шаруашылығы кооперацияларына 370 млрд теңге қаржы бөлінген. Дегенмен бүгінге әлі де болса басы бірікпеген 268 мыңнан аса шаруа қожалық бар.
– Бұл шаруа қожалықтарды ірілендіру бағытындағы жұмыстың әлсіз екендігін тағы көрсетуде. Қазіргі уақытта шағын және шашыраңқы фермерлер бірігіп, оларға мемлекеттік қолдау көрсетілетін кездің келгенін біз анық түсінуіміз керек, – дейді ол.
Сәкен Арубаев ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін инвестициялық салымды өтеу үлесі 50 пайызға дейін ұлғайту қарастырылып отырғанын мәлім етті. Сенатор «шағын және шашыраңқы шаруалардың бастары біріккен жағдайда ғана мемлекеттен жеңілдіктер берілетінін шаруаларға жеткізуге керек» деп есептейді.
– Бұл жерде ақпараттық тұрғыдан түсіндіру жұмыстары өте әлсіз. Мысалы Атырау, Маңғыстау, Ұлытау сияқты облыстарда бұл жұмыс өте баяу, әлсіз. Сонымен қатар, республика көлемінде егістік жерлерінің құнары төмен. Шаруалардың бастары бірікпегеннің салдарынан агротехникалық ережелер де сақталмайды. Қазір ауыл шаруашылығы кооперациясы бөлігінде заңнаманың жетілмегені, жүйелік кедергілер, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі кооперациялардың артықшылығы бойынша құзыреттің болмауы, қатысушылар тарапынан сенімсіздік, дайын өнімді өткізу бойынша сауда компаниялармен әлсіз қарым-қатынастар ауыл шаруашылығы кооперациясының жаппай дамуына тежеуші факторлар, – дейді ол.