НАТО Украинамен соғыста Ресей қанша әскерінен айырылғанын хабарлады

Ғалиасқар Думан

Ресей армиясы Украинаға басып кіргелі 300 мыңға жуық адамынан айырылған. Мұндай статистиканы НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Ол шығындардың арасында қаза тапқандар да, жараланғандар да бар екенін атап өтті. Сондай-ақ 300 мың адамның қаншасы өлтірілгенін және қаншасы ауыр жарақат алғанын нақтылаған жоқ.

Ресейдің шығындары туралы айта отырып, бас хатшы үлкен шығын Украинадағы соғысты жақын арада аяқтайды деген үміті барын да атап өтті. Оның айтуынша, Ресей президенті Владимир Путиннің құрбандыққа келгенде "толеранттығының жоғары шегі" бар.

Еске сала кетейік, айдың басында АҚШ "Ресей агрессиясынан қорғау үшін" жалпы сомасы 425 миллион доллар болатын кезекті әскери көмек пакетін ұсынған.