Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, еліміздің энергия өндіруші компаниялары электр энергиясын өндіруге шекті тарифті көтеруге өтінім берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Қазақстан Республикасының "Электр энергетикасы туралы" заңының 12-1-бабы 2-тармағына сәйкес 24 энергия өндіруші ұйым 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифті түзетуге өтінім берді", - делінген хабарламада.
Энергия өндіруші ұйымның айтуынша, тасымалдау құнының және көмір мен газ бағасының өсуі тарифті көтеруді өтінуге мәжбүр еткен. Электр энергиясын өндіруге жұмсалатын жалпы шығынның 60%-і отынға жұмсалады.
"Шекті тарифтердің жобалары елдегі инфляция деңгейіне сәйкес өндірістік персоналдың жалақысының өсуін де ескереді. Энергия өндіруші ұйымда шамамен 50 мың адам еңбек етеді. Бұл ретте білікті персоналдың тапшылығы 30%-ға тең. Саладағы кадр тапшылығы төмен жалақымен байланысты", - делінген министрліктің хабарламасында.
Бұдан басқа, тарифтің ұлғаюы жөндеу науқанын жүргізу және энергия өндіруші объектілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алу және тасымалдау құнының өсуіне байланысты.
Берілген өтінімдерге сәйкес Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйым шекті тарифтерінің орташа өсуі кВт/сағ үшін орта есеппен 2 теңгені құрауы тиіс.
Энергетика министрлігі қазіргі уақытта өтінімдерді қарап жатқанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баспасөз жиынында қандай сұрақтарды жауапсыз қалдырғанын саралап көрген еді.