Бұған дейін әлеуметтік желілерде Атырау қаласының іргесінде орналасқан «Karabatan Utilities Solution» кәсіпорны аумағында лас көлшік пайда болғаны туралы бейнежазбалар тараған еді. Кейін құзырлы органдар бұл аумақта су ағызуға рұқсат берілмегенін анықтады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс әкімі Серік Шәпкенов бүгінде кәсіпорын заң бұзушылықтар үшін 7 млрд теңге айыппұл төлегенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айта кетейік, Қарабатан жанындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында жайылған судың көлемі 6 гектарға дейін жеткен.
Кейін анықталғандай, лай көл «Базис Констракшн» АҚ жүзеге асырып жатқан «Су дайындау» жобасындағы сапасыз жүргізілген жұмыс салдарынан пайда болғаны. Тапсырыс беруші – «Karabatan Utilities Solution» ЖШС.
«Өндіріс болғаннан кейін әртүрлі жағдайлар болып жатады ғой. Бірақ, заңбұзушылыққа ешкім жол бермеуі тиіс. Кәсіпорын аумағында көлдің пайда болуы себебін уәкілетті органдар арнайы тексерді. Кейін тиісті шараларды қабылдады. Қазірдің өзінде аталған кәсіпорын мемлекетке 7 млрд теңге айыппұл төледі. Соттың шешімімен кәсіпорын суды жоюға міндеттелді. Бүгінде олар лас суды тазартатын ұйымдармен келісіп жатыр. Бұл мәселе әрдайым біздің бақылауымызда», - деді С.Шәпкенов.
Заң бұзушылыққа жол берген кәсіпорын соттың шешімін күтпей-ақ лас суды жоюға асықпағаны түсініксіз. Әлде айыппұл төлеп, бюджеттің бүйірін қампайтқысы келді ме, кім білсін?!