Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Мажарстанның астанасы Будапештте өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігін сәтті бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«А» тобында өнер көрсететін отандастарымыз тұсаукесер кездесуін жарыс қожайындарына қарсы өткізді. Ойын тізгінін бірден қолға алған Сергей Старыгиннің шәкірттері бірінші кезеңде екі шайбаны қақпаға енгізді. Бұл голдардың авторлары – Давлат Нүркенов (4-минут) пен Егор Смольянинов (13-минут). Оған мажарстандықтар Герго Михаликтің (14-минут) голымен ғана жауап қайтарды. Үзілістен кейін Бендегуз Добош (39-минут) таразы басын теңестірді. Есесіне үшінші кезеңде қонақтар қарқынын күшейтті. 49-минутта Артем Авдеенко нысананы дәл көздесе, 53 және 58-минуттарда Всеволод Логвин қатарынан екі гол соқты. Есеп – 5:2.
Кеше түнде ел хоккейшілері Данияны 3:2 есебімен ұтты. Матч Қазақстан үшін сәтсіз басталған. Ойынның 15-минутында Оскар Фискер Молгаард Данияны алға шығарды. Екінші 20-минуттықта да ештеңе өзгермеді. Тек үшінші кезеңде Старыгин шәкірттері есін жинай бастады. Алдымен Бейбарыс Оразов таразы басын теңестірді. Бірақ араға бір минут салып даттар қайтадан басымдыққа ие болды. Дегенмен, біздің жігіттер камбэк жасай білді. Кирилл Ляпунов пен Руслан Оспанов бір-бір шайбадан соғып, жеңіс сыйлады.
Отандастарымыз алдағы күндері Франция, Жапония және Аустария құрамаларымен шеберлік байқасады.