Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков өндірістің тоқтауына нарық пен қажеттіліктің шектеулі болуы себеп екенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Бір жылдары Қазақстанда АК-74 автоматтары өндіріледі деген ақпарат шыққан. Сол қарудың өндірісі біздің елде жолға қойылды ма?» - деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі вице-министрден сенат кулуарында.
Азамат Бейісбеков Ақмола облысында «Тыныс» деген кәсіпорын автомат өндірісімен айналысқанын айтты.
«Сол жерде ұйымдастырылды. Алайда қазір белсенді шығарылып жатқан өнім жоқ. Өйткені нарық пен қажеттілік шектеулі» - деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, локализация жоспар бойынша жылдан жылға артуы керек болған.
«Бірақ мен айтып жатқандай, қажеттілік шектеулі. Қазіргі уақытта өздеріңіз білетіндей, біздің елде қару-жарақ экспортына шектеу қойылған. Сондықтан, өндіріс қазір уақытша тоқтатылды», - деді Бейісбеков.