Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты жаңа сот процесі басталды

Ulysmedia

Іс бойынша алдын ала тыңдаулар өтіп кеткен. Тергеу мәліметтері бойынша, істі тергеу барысында жаңа жағдайлар анықталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Астана сотында Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты жаңа сот процесі бойынша алдын ала тыңдаулар өтті. Екі эпизод бір өндіріске біріктірілген.

Осылайша, біріншісі "Алтын адамның әлем мұражайлары арқылы шеруі" көрмесін өткізуге байланысты жаңа жағдайлар тексеріліп жатыр. Екінші іс - Астанадағы "Дипломат" қонақ үйінің "рейдерлігі" жөнінде қозғалған.

Айыптау актісіне сәйкес, сотталушылар 1.5 млрд теңге жымқырды деп күдікке ілініп отыр. Қорғаушы тарап бұл актімен келіспейтінін мәлімдеді, өйткені кінә расталмағанын алға тартады.

Адвокаттар жаңа айыптау актісімен танысқан кезге дейін сот процесті кейінге қалдырды.

Арыстанбек Мұхамедиұлын "Дипломат" қонақ үйін рейдерлік жолмен басып алды деп айыптап отыр. Сондай-ақ, оған лауазымдық өкілеттіктігін теріс пайдаланып, қылмысты ұйымдастырды деген айып тағылған.

"Ақтерек ЛТД" ЖШС құрылтайшысы және қонақ үйдің бұрынғы иесі жәбірленуші болып танылған.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2019 жылы бұрынғы иесі Мұхамедиұлына көмек сұрап жүгінген. Содан кейін Мұхамедиұлы жәбірленушіге 2,5 млрд теңге берген, алайда сенімді тұлғаның атына бизнестің 71% ресімдеуді талап еткен.

"Осыдан кейін Мұхамедиұлы бүкіл қонақүйді бақылауға алу жөнінде шешім қабылдады" дейді мемлекеттік айыптаушы.

– Ол директорды ауыстыру бойынша ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамасын дайындауға тапсырма берді. Осыдан кейін Мұхамедиұлының нұсқауы бойынша дауыс беру нәтижелерін қасақана бұрмалау жөнінде хаттама жасалып, оған дауыс беру нәтижелері туралы көрінеу анық емес деректер енгізілді, - деді прокурор.

Еске салайық, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі 4-тармағы және 189-бөлігі 2-тармағы бойынша құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлымен қатар Ұлттық музей басшысы болған Алмас Нұразхан, «Экспонат» мердігер ұйым директорының орынбасары Азамат Көшенов пен осы компанияның есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға сотталған болатын. Олар қылмыстық заңбұзушылыққа қатысты деген айыппен кінәлі деп танылды. Сот шешімімен 6 жасар қызы бар, жалғызбасты Айым Сәдуақасованың баласы Сәдуақасованың туыстарының біріне немесе қамқорлық мекемесіне тапсырылатын болған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Үкім шыққаннан кейін көп өтпей, Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген еді. Ал шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі Ғалия Ысқақованы күдікті деп танылғанын мәлім еткен.