Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Ресей Евгений Пригожиннің бүлігі кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрағанын жазады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Президент Тоқаевқа көмек сұрап, жүгінгені жайлы ақпаратты оның кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли жоққа шығарды. Уәлидің сөзінше, ол ақпарат шындыққа жанаспайды.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльде WSJ басылымына түсініктеме бергісі келмейтінін айтты. Айта кетейік, аталған ақпаратты дәл сол WSJ таратқан еді.
– Біз бұл материалды көрдік, бірақ оған түсініктеме бергіміз келмейді. Себебі мұндай материалдарға түсініктеме беруге жарамайды. Өкінішке қарай, WSJ кейінгі кезде pulp fiction жазғанды ұнататын бопты, — дейді ол.
Еске салайық, Вагнер ЖӘК негізін қалаушы Евгений Пригожин 23 маусым күні кешке бүлік шығарған болатын. Жалдамалылар Дондағы Ростовқа кіріп, Мәскеуге «әділет жорығын» бастады. 24 маусым күні кешке Александр Лукашенконың Путиннің атынан Пригожинмен келіссөз жүргізгені белгілі болды. Осы уақытқа дейін қылмыстық іс қозғалған Пригожин Беларуське «кете алады» деп жарияланды. Вагнер ЖӘК негізін қалаушы жорықтың тоқтатылғанын, ал жалдамалылардың «жазғы лагерьлерге» қайтып бара жатқанын айтты.
24 маусымда Путинмен телефон арқылы сөйлескен Тоқаев жалғасып жатқан көтерілісті Ресейдің «ішкі ісі» деп атады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Пригожин мен Ресей билігі арасындағы келісім аясында ЖӘК құрылтайшысына қатысты іс тоқтатылатынын айтты. 26 маусымда істі қозғаған бас прокуратура мен ФСБ оны тергеуді жалғастырып жатқаны белгілі болды. Алайда 27 маусымда Ресей ФСБ Пригожиннің қарулы көтерілісіне қатысты істің жабылғанын мәлімдеді. Араға аздаған уақыт салып Ресей тергеу комитеті Евгений Пригожиннің қайтыс болғанын растады.