Жетімдер үйі азайса да, аналар үйі көбейген

Оралхан Қожанов

Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің мәліметінше, кейінгі 10 жылда еліміздегі балалар үйі мен ондағы тәрбиеленушілер саны 3 есеге азайған. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар қаласында жетімдер үйі жаппай жабылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz «Qazaqstan» телеарнасына сілтеме жасап.

opennews.kz

Интернатта қара нанды жеп едім...

Ресми дерекке сүйенсек, қазір 3 мыңнан аса бала 116 интернаттық ұйымда тәрбиеленіп жатыр. Кейінгі 10 жылда 8 мың бала өз отбасын тапқан. Балалар үйінің азаюына жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды материалдық қолдау саясаты әсер етті, дейді мамандар.

“Елімізде балалар үйінің саны жылма-жыл азайып келе жатыр. Мәселен осыдан 5 жыл бұрын олардың саны 150-ден асса, бүгінде 116-і ғана қалды.  Кейінгі 5 жылда балалар үйінің саны 30 пайызға, тәрбиеленушілердің саны да 30 пайызға қысқарды”, – дейді оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Аналар үйі – қорған

Жетімдер үйінің азаюйына аналар үйінің әсері бар. Алматылық Манат Кесетова мыңдаған баланың тағдырын шешкен сәттердің көп екенін айтады. Қазір еліміздің 19 қаласында 20-дан аса аналар үйі бар екен.

“Бізге роддомнан звондайды, 17 жасар ана баладан бас тартам дейді. Психологымды алам да жүгіремін. Неге бас тартып жатырсың десе, “жігітім тастап кеткен, ата-анам білмейді” дейді. Біз барып, баладан бас тартпа, оған жете алмай жүргендер көп дейміз. Осы уақытқа дейін жетімдер үйінен 6,5 мың баланы аман сақтап қалдық”, – дейді аналар үйінің қызметкері Манат Кесетова.

21 жастағы Ирса Парзаева бірер айда сәби сүйеді. Отбасын құрмай тұрып, от басып қалған азаматтың сүйген жігіті өзінен де, баласынан да безіп кеткен. Барар жері болмаған оның аналар үйін паналаудан басқа амалы болмаған.

“Ол баладан бас тартты, жоқ болып кетті. Содан кейін үйге барып, әкеме айттым екіқабат екенімді айттым. Маған боқтап, сөйлеп, қол көтеріп, “келме енді осы жаққа” деді. Ауруханаға барғанда “егіз болады” деді. Өзім асырап, өзім өсіремін”, – дейді ол.

Қоғам дерті

Абайтанушы, қоғам белсендісі Алмахан Мұхамедқалиқызы мұны қоғам дерті деп отыр. Оның пікірінше, олқылықтың орны толмаса, ендігі күрес аналар үйімен болмақ.

“Бұл бір ғана адамның қателігі емес, қателесіп жатқан қыз балаларды ғана жазғыруға болмайды. Адамды орта тәрбиелейді. Қазақы болмысты қайтару үшін, балабақшадан бастау керек. Балабақшаларда ер адамдар жұмыс істемейді. Тек әйелдер істейді. Мүмкін осының да кемшілігі болып жатқан шығар. Ұлды ұл, қызды қыз етіп тәрбиелеу керек. Ұлдарға әке, ер тәрбиесі керек. Қызын ұлттың ары деп білетін ұл тәрбиелегенде аналар үйі көбеймеуі мүмкін”, – дейді А.Мұхамедқалиқызы.