Петропавлда бизнесменді әйел, баласымен бірге өлтіріп кетті

Оралхан Қожанов

Петропавлда бір отбасының үш мүшесін өлтірді деген күдіктілер ізін суытпай ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.

polisia.kz

Полицияның мәліметінше, 28 желтоқсан күні сағат 13.25-те зорлық-зомбылықтың белгілері бар 3 адамның денесі табылғаны туралы телефон арқылы хабарлама келіп түскен.

"Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері облыс орталығының 2 тұрғынын ізін суытпай, ұстады. Күдіктілер Петропавл қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген полиция хабарламасында.

Ведомство мәлімдегендей, іс Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мен Полиция департаментінің бақылауында.

Аталған факт Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (Екі немесе одан көп адамды өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Кісі қолынан өлген ер адамның ритуалды қызмет көрсететін дүкені болған.