2024 жылы МӘМС үшін қанша төлейміз

Оралхан Қожанов

МӘМС жарналары өзгеріссіз қалады, бірақ ең төменгі жалақы көтерілетіндіктен, төлем сомасы өседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Sputnik

Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Осыған байланысты МӘМС үшін аударылатын жарналардың сомасы да өзгереді.

Жұмыс берушілер

Жұмыс берушілер МӘМС-ке қызметкері үшін жалақының 3%-ін аударады. Бірақ салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ең төменгі жалақыдан (2024 жылы 850 000 теңге) аспауға тиіс. Яғни жұмыс берушінің аударатын ең жоғары сомасы айына 25 500 теңгені құрайды.

Айта кетерлігі, бұл ақша қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оны жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.

Жалдамалы қызметкерлер

Жалдамалы қызметкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде қызмет көрсететін жұмысшылар міндетті медициналық сақтандыруға ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді.

Бұл ретте жарнаның ең жоғары сомасы 17 мың теңгеден аспайды.

Жеке кәсіпкерлер

Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ең төменгі жалақының 5%-ін аударады.

2024 жылы оның мөлшері – 5 950 теңге.

Егер жеке кәсіпкер есептілікті "нөлмен" тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексіне сәйкес жарна төлеуді жалғастыра беруі керек. Әйтпесе, қарыз пайда болады.

Бірыңғай төлем төлеушілер

Бірыңғай төлемді жеңілдетілген декларация және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнестің заңды тұлғалары пайдаланады.

Жалақыдан ұсталатын бірыңғай төлемге мыналар кіреді:

 – міндетті зейнетақы жарналары;

- әлеуметтік аударымдар;

 – МӘМС жарналары;

- МӘМС-ке аударымдар;

- жеке табыс салығы.

2024 жылы бірыңғай төлемнің ставкасы еңбекақы төлеу қорының 21,5%-ін құрайды.

Бірыңғай төлемді ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, Мемлекеттік корпорацияның шотына бір төлеммен аудару қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (БЖТ төлейтіндер)

2019 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін бірыңғай жиынтық төлем (ЕСП) енгізілген болатын. БЖТ уақытша, тек 5 жылға енгізілді. Яғни 2024 жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем болмайды.

Сол себепті өзін-өзі жұмыспен қамтығандар МӘМС-ке мына жолдармен жарна аудара алады:

жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жарна төлеу;

жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.

Дербес төлеушілер

Дербес төлеушілер үшін жарна мөлшері ең төменгі жалақының 5%-ін құрайды. Яғни жаңа жылдан бастап олар 4 250 теңге төлейді.

15 санат үшін мемлекет өзі төлейді

15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет аударады.

2024 жылы мемлекеттің бір адамға төлейтін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды.