Дені отыздан асқан. Қазақстандағы волейбол спорты "қартайып" кетті

Оралхан Қожанов

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев волейбол федерациясының басшыларымен және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Жиын барысында федерация өкілдері волейболдан ұлттық құрамалардың 2023 жылғы нәтижелерін қорытындылап, алдағы жарыстарға дайындық жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

sports.kz

14 мың секция жұмыс істейді

Қазақстанда волейбол бұқаралық спорт түрі ретінде кең қанат жайып келеді. Бүгінде республика бойынша 14 мың волейбол секциясы жұмыс істейді. Онда 600 мыңнан астам бала аталған спорт түрімен тұрақты шұғылданады. Волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасы ең кейінгі ірі жарыста сүреңсіз өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Есесіне, жағажай волейболынан ел құрамасы үшінші орынға табан тіреді. Волейбол бойынша биылғы Париж Олимпиадасына жолдама беретін барлық іріктеу турнирі аяқталды, бірақ жолдама бұйырған жоқ.

Нәтиже көңіл көншітпейді

«Волейболшыларымыздың халықаралық аренада көрсетіп жүрген нәтижелері көңіл көншітпейді. Клубтар арасындағы біріншіліктерді есепке алмағанда, жерлестеріміз бірнеше жылдан бері Азия чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көріне алар емес. Ерлер арасындағы ұлттық құрамамыз  соңғы  рет 2017 жылы, әйелдер 2005 жылы күміс медаль жеңіп алған болатын. Париждегі Олимпия ойындарына қатысу үшін біз әлемдік рейтингте ТОП-5 құраманың қатарына енуіміз керек екені белгілі. Алайда, қазіргі таңда әйелдер құрамасы әлемдік рейтингте 32-ші, ал ерлер құрамасы 59-орында тұр. Яғни, волейбол спорты бойынша бізде Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік жоқ деп айтуға болады», деді Ермек Маржықпаев.

Кәрі спортшылар көп

Қазақстан волейбол федерациясының  өкілдері негізгі мәселені де бүккен жоқ. Бар кілтипан – ұлттық құрама ойыншыларының шау тарта бастағанында екен. Негізгі құрамдағы ойыншылардың дені 30-дан асып кеткен.  Ұлттық лиганың да деңгейі төмен, әлемдік өлшемге сай келмейтін көрінеді. Министр  федерация  өкілдеріне  волейбол спортын дамытып, өңірлерді ынталандыруды,  ел біріншілігінің деңгейін көтеруді жүктеді.  Жас спортшыларды даярлаудың жаңашыл әдісін қолдану қажеттігін айтты.