Еуропа мемлекеттерінде интернет жылдамдығы бойынша арнайы зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Euronews.com сайтына сілтеме жасап.
Google-дің бетті жүктеу жылдамдығын тексеру деректерін қолдана отырып, Business Comparison салыстыру қызметі Еуропаның әр еліндегі жұмыс үстелі мен мобильді құрылғыларда веб-беттерді жүктеудің орташа жылдамдығын зерттеді. Скандинавия елдері рейтингте айтарлықтай көш бастап тұр.
Euronews.com мәліметінше, бірінші орында жұмыс үстелі беттерін жүктеу жылдамдығы ең жоғары Швеция - 3,74 секунд, екінші орында Финляндия (3,84). Үшінші орында Дания мен Латвия орналасқан (орташа жылдамдық 4 секунд). Бесінші орында Литва (4,14), одан кейін Швейцария (4,23) тұр.
Мобильді құрылғылардағы жүктеу жылдамдығына келетін болсақ, мұнда тағы да Швеция көш басында (орташа жылдамдық 7,48 секунд).
Жұмыс үстелі беттерін жүктеу бойынша рейтингтің соңына Түркия жайғасқан (10,22 секунд). Мамандар мұның себебін 30 жыл бойы мыс кабельдеріне деген тәуелділікпен байланыстырады. Соңғы бестікке Болгария (9,38), Румыния (8,59), Кипр (7,18) және Польша (6,09) кіреді.
Дәл осы елдер мобильді құрылғыларда интернетті жүктеу жылдамдығы бойынша да нашар нәтиже көрсетті. Түркия тағы көш соңында - 13,19 секунд.