2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанға тұрақты тұру үшін 9 мың шетелдік көшіп келген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 45 пайызға аз. Кейінгі бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Сонымен қатар шетелге тұрақты тұруға кететін қазақстандықтар саны да қысқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көшіп келушілер саны бұрынғы деңгейге түсті
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, кейінгі үш жылда Қазақстанға көшіп келушілер саны бұрынғыдан едәуір көп болған. 2023-2025 жылдары қаңтар-қыркүйек аралығында елге орта есеппен 18,6 мың адам қоныс аударған.
Өсім 2022 жылы басталды. Сол кезде көшіп келгендер саны 52 пайызға артып, 11 мың адамға жеткен. Қазір жағдай өзгеріп отыр. Биылғы 9 мың адам көрсеткіші 2022 жылға дейінгі деңгейге жақын.
Мәселен, 2019-2021 жылдары осы кезеңде Қазақстанға орта есеппен 8,2 мың шетелдік көшіп келген.
Қазақстандықтар да шетелге сирек көшетін болған
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 3,7 мың адам шетелге тұрақты тұруға кеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға азайған.
Сарапшылардың мәліметінше, бұл – кемінде 2000 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.