Зауыт иісінен тұншығып қалдық: Қаскелеңдіктер шу көтерді

Оралхан Қожанов

Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғындары үйінің жанында орналасқан өндіріс орнының жұмысына шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап. 

Almaty.tv

Өлімге апарады

Тұрғындар зауыттан шығатын қою түтінді бейнежазбаға түсіріп алған.

"Тұман басып қалды. Бейіт мүлдем көрінбей қалды. Ауру жұғады, ол ағзадағы бүкіл ауруды қоздырып, өлімге алып баруы мүмкін. Өкпеге сіңіп, ракқа айналуы мүмкін", – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Рая Ким.

“Көмір ғана жағамыз...”

Жағымсыз иістен жұқпалы ауру тарайды деп жанайқайын жеткізген жұрт дәл осы зауытқа шағымын айтып отыр. Олардың сөзінше, ауаның ластығы сонша, қарт кісілердің қан қысымы жиі көтеріледі. Ал зауыт басшылығы тек көмір жағатынын айтты.

"Біз кірпіш шығарамыз, дәнекерлеу цехы бар. Сағат 11:00-де бастап, 18:00-де өшіреміз. От жақпай отыра алмаймыз", – деді зауыттың атқарушы директоры Мамед Жалалиев.

Қала әкімі не дейді

Ал қала әкімі жағымсыз иістің себебін анықтау керек екенін айтып, қысқа қайырды.

"Әуелі тексереміз. Көмірдің орнына газ қосайық. Мәселенің дұрыс шешілуін қадағалаймыз", – деді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев.

Алып аумақты алып жатқан өндіріс орны тұрғын үйлерге тиіп-ақ тұр. Арасын бір көше ғана бөледі. Әкім Қаскелең тұрғындарының арызына қатысты мәселе 2 аптада шешілетініне сендірді.