Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге кедергі келтіруі мүмкін. Ақ үй Дональд Трамптың Мәскеуге қарсы қосымша шектеулерді уақытша кейінге қалдыру туралы шешімін осылай түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Axios басылымының жазуынша, АҚШ әкімшілігінің өкілі Тейлор Роджерс Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге қол жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, дәл қазір жаңа санкциялар енгізу бұл үдеріске кері әсер етуі мүмкін.
Дегенмен Вашингтон Мәскеуге экономикалық қысым көрсетуден толық бас тартып отырған жоқ.
Роджерстің сөзінше, Трамп АҚШ-тың ұлттық мүддесі үшін қажет деп тапса, кез келген уақытта жаңа шектеулер енгізе алады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, Трамп санкциялардың ықтимал салдарын бағалау үшін 60 күнге дейін уақыт бөлмек.
– Меніңше, президент осы 60 күнді санкциялар мен баж салығын енгізу әлемдік экономикаға, тіпті АҚШ экономикасының өзіне қалай әсер ететінін талдауға пайдаланғысы келеді, – деді Рубио.
Жаңа шектеулер тек Ресейге емес, одан мұнай мен газ сатып алатын елдерге де қатысты болуы мүмкін.
Олардың қатарында АҚШ-тың маңызды сауда серіктестерінің бірі – Үндістан да бар.
Бұған қоса, Иранмен соғыс пен әлемдік мұнай жеткізіліміндегі іркілістер салдарынан АҚШ-та жанармай бағасы қымбаттап жатыр. Бұл да Вашингтонның шешіміне әсер еткен факторлардың бірі.
Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың шешімін сынға алды.
Оның пікірінше, Ресейге қарсы санкциялық қысымды әлсірету Владимир Путиннің ұстанымын күшейтіп, соғыстың созылуына әкелуі мүмкін.
АҚШ Конгресінің бірқатар мүшесі де санкцияларды кейінге қалдыруға қарсы шықты. Олар Вашингтон Мәскеуге экономикалық қысым көрсетуді жалғастыруы керек деп есептейді.
Санкцияларға қатысты шешім қабылданған тұста Мәскеу Вашингтонмен жасалған бөлек келісім аясында дизель отынын экспорттай бастады.
Ресейлік дизель тиелген алғашқы танкер Диксон портынан халықаралық нарыққа жол тартты.
Бұған дейін Трамп жанармай бағасының өсуін тежеу үшін Путинмен Ресейден жеткізілетін отын көлемін, соның ішінде АҚШ-қа экспортты арттыру жөнінде келісімге келгенін хабарлаған болатын.