Қазақтар Кореяда қашаннан бастап жұмыс істей алады

Аян Өрібай

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтары заңды түрде Оңтүстік Кореяға барып, үш жыл жұмыс істей алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге рұқсат беру жүйесі енгізу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Осы айдан бастап қазақстандықтарды аталған елге жіберуге арналған Сапар орталығын ашу жұмыстары басталған. Орталықтың негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерге тілдік курстарды оқыту, корей тілінің тестілеуі, біліктілігін арттыру. Осы Сапар орталығы арқылы Қазақстан азаматтары үш жылға дейін жұмыс істей алады.

– Тестілеу орталығы Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ашылады. Аталған мекеменің қажетті материалдық-техникалық базасы, оқу аудиториясы бар. Заманға сай құралдармен жабдықталған. Тестілеу орталығының 500-ге тарта компьютер орыны бар. Қазақстан азаматтарын Қонаев көпбейінді колледжінде оқыту көзделіп отыр. Яғни, Оңтүстік Кореяға бармас бұрын олар оқытылады, – дейді Асқарбек Ертаев.

Қонаевтағы колледжде білім алушылар тұратын 500 орындық жатақхана да қарастырылған. Талаптың бірі – медицина тексеруінен өту. Ол мемлекеттік мекемеде – Қонаев қаласындағы ауруханада жүргізіледі. Штат жабдықталған. 

– Біз Оңтүстік Кореяға өз ұсыныстарымызды жолдадық. Келесі аптада олармен техникалық келіссөз жүргіземіз. Жалпы алгоритм қандай: біздің ұсыныстарды ол елдегі барлық мүдделі мемлекеттік органдар қарап, талдайды. Қазақстан осыдан кейін еңбек адамдарын экспорттайтын, Кореяның жүйесі тізіміне енгізіледі. Қазір ол жүйеде 16 ел бар. Басқа да мемлекеттер өтінім беріп жатыр. Бір жыл ішінде мәселе шешілуі керек. Мерзімін әлбетте, Оңтүстік Корея белгілейді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді ол.