Қазақстанда онлайн сауда мен ақша аударымы қалай қарыштап тез дамып кетті

Ulysmedia

Халықтың тілімен айтқанда екінің бірі "Каспий переводпен" жұмыс істейтін қазіргі заманда қолма-қол ақшамен есеп айырысып жүретіндер де азайып кетті. Үкімет енді сол аударымдарды қанша бақылаймыз десе де, жұрт жаппай қайтадан қағаз ақша іздеп кеткен жоқ. Тез үйренді. Ал осы өзгерістердің теріс салдары қандай? Мобильді қосымшаларға енгізілген азаматтардың жеке деректері қаншалықты қорғалған? Абзал Досым осы жөнінде пікірін білдірген.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Неге Kaspi.kz тек Қазақстанда ғана сәтті іске асатын жоба?

Абзал Досымның жазуынша, дамыған Еуропа сияқты елдерде Kaspi.kz мұндай табысқа жетпеуші еді.

– Себебі онда азаматтардың жеке деректері заңмен қатаң қорғалған. Консервативті кәрі құрлықтың адамдары да жаңа дүниеге секем қарап, үйреншікті дүниеден жаңаға баяу ауысар еді. Азаматтардың деректерін жеке бизнеске беру түбі ірі скандалға ұласып, отставка сот істерімен аяқталатын болар, – дейді ол.

Электронды Үкімет жобасының дамуына да тоқталады.

– Электронды үкіметтің Govtech шешімдерін пандемия кезінде нормативтік құқықтық базаны реттемей тұрып Мусиннің (цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі) екінші деңгейлі банктерге беріп жіберуі. Функция азаматтарға қолжетімді болғаннан кейін ғана заңдарды реттедік. Соның арқасында банктер қазақстандықтардың биотермиялық деректерін еркін пайдаланып, мем қызметтерді жылдам ұсынып әрі төлем карталарын 1 минутта басып шығара алды, – дейді ол.

Абзал Досым Қазақстан трендтен қалмайтын, бір толқында өмір сүретін, мобильді, құлағы түрік, жаңа нәрсені тез үйренгіш салыстармалы түрде халқы жас мемлекет екенін, бұған еліктегіштік әрі қиын қаржылық жағдайына қарамастан азаматтардың көбінде смартфондардың болуын, алыс-берістің көп болуын мысалға келтіреді. Оның бәрі сауда-саттық, ақша аударымдарына әсер еткенін жазады.

– Үкіметтің банк секторын еркіндікке қоя беруі. Оған да түрлі себеп көп. Семьяның адамдары банк акционерлері қатарында болуы банктердің бизнесті барынша қолайлы ортада дамытуына мүмкіндік берді. 

Мусиннің кәдімгі шенеунік емес, айтишник болуы. Ол Ломтадзеге (Каспий банк басшысы) хабарласып жаңа функция енгізу бойынша келісіп, ақылдасқанын, әр батырманы бірге отырып жасағанын ашық айтып жүр. Бұл жағдай АҚШ-та болса министр жеке банктың мүддесі үшін жұмыс істеді, лобби жасады деп тергеуге алар еді. Бәсекелестік сияқты өзге де көп заң бойынша мәселелер қозғалар еді, – дейді ол.

Абзал Досым жылдам аударым технологиясы бізге дейін де Қытайда сәтті жұмыс істеп тұрған жүйе екенін еске салдаы. Сол жақтан келген қандастардың WeChat арқылы бір-біріне жарықтың жылдамдығымен тиын лақтырып жүретінін көргенін атап өтеді. Kaspi бұл технологияны бізге алып келгенінде, бұл үрдіс Ресейде де Tinkoff арқылы іске асып жатқанын жеткізеді. Бірақ оларда жоғарыда айтылған "ерекшеліктер" болған жоқтығын айтады.

– Мұндай бірегей өнімнің сәтті шығуына жоғарыдағы факторлардың бір жерде, бір кезеңде тоғысуы әсер етті. Ломтадзе де тамаша менеджер, "Kaspi.kz Қазақстанда жасалған" деп бекерге қайта-қайта айтып жүрген жоқ. Бірақ соған қоса қазақ еліне ризашылығын білдіре Қазақстан азаматтығына өтіп, қазақ тілін үйренуді бастау керек сияқты. Мен Грузия елінде осындай жетістікке жетсем, сол халыққа құлша қызмет етер едім, – деп түйіндейді ойын Абзал Досым.

Еске сала кетейік, бұған дейін ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыров кәсіпкерлердің мобильді аударымдарды азайтып, қолма-қол ақшаға ауыса бастауын “уақытша тренд” деп атаған еді. Қазақстанның цифрландырылған елдердің қатарында екенін еске салған ол қазақстандықтар бұдан әрі де банктердің цифрлық қызметтерін белсенді пайдаланады деп сенеді.

Саудагерлер не дейді?

Kaspi bank арқылы азаматтардың бір-біріне телефон нөмірін теріп қана жөнелте беретін ақшасы биылдан бастап саябырлай бастағаны анық. Оған «енді переводтың бәрі бақылауға алынады екен» деген әңгіме тікелей себеп болып отыр. Ұсақ саудасы, шағын дүкені, дәріханасы бар азаматтар бұған дейін ақыны аударыммен қабылдай берсе де, биылдан бастап қолма-қол ақшаны талап ете бастаған. Табысының аз да болсын бөлігін салық ретінде бергісі келмейтіндер баршылық.

Салық органдарының өкілдері, экономистер мен сарапшылар бұл тақырыпта айтарын айтып-ақ жатыр. Ал қарапайым саудагер не дейді? Ulysmedia.kz тілшісі базарда саудасы бар біршама адаммен сөйлесіп, олар осы жөнінде не ойлайтынын біліп көрген болатын.