Елде 3 онкология орталығы мен 12 зертхана салынады

Ulysmedia

Бұл жоспар туралы «Medtech» халықаралық форумына қатысқан премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Іс-шараға дәрілік препараттарды әзірлейтін, өндіретін жетекші отандық және шетелдік фармацевтикалық компаниялардың өкілдері қатысты.

«Пандемия елді вакциналармен, дәрілік заттармен ғана емес, медициналық жабдықтармен де қамтамасыз ету қажеттігін көрсетті. Қазақстанда біз мұны басым бағыт ретінде белгіледік. Біздің үлкен әлеуетіміз бен мүмкіндіктеріміз бар», - деді форумда Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет Қазақстанның фармацевтика саласын дамыту жөніндегі арнайы кешенді жоспар қабылдағанын, оны іске асыру 2025 жылға қарай отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының үлесін 50% дейін арттыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Тоғжанов денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын одан әрі дамыту туралы айта келе 2025 жылға дейін кемінде 20 заманауи аурухана, 3 онкологиялық орталық, 12 зертхана, медициналық бұйымдарды зертханалық және техникалық сынақтан өткізуге арналған орталық салу жоспарланғанын жеткізді. Оларды медициналық жабдықпен жарақтау кезінде отандық өндірушілерге басымдық беріледі.