Астанадағы Safar Jayik тұрғын үй кешенінің ауласында кеше, 6 қазанда таңғы сағат 06:00 шамасында бес автокөлік өртеніп кетті. Оқиға салдарынан бір адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Көлік иелерінің айтуынша, өрт алдымен Volkswagen Passat автокөлігінен басталған. Алдын ала мәлімет бойынша, көлік қашықтан іске қосылып, қараусыз қалған. Кейін көлік алға жылжып, алдында тұрған Hyundai Elantra автокөлігіне соғылған. Осыдан соң Passat-тан түтін шығып, өрт басталған.
Сол маңда тұрған көліктерге жалын қатты желдің әсерінен тез тараған.
Өрт кезінде Hyundai Elantra көлігінің иесі өзіне тиесілі екінші көлігін де қауіпсіз жерге алып шығуға тырысқан. Алайда ол жол-көлік оқиғасына ұшырап, денесін күйдіріп алған. Бұл туралы көлік иесінің інісі Дулат Илясов айтып берді.
— Таңғы 5:50 шамасында сигнализация ойнайды. Одан кейін біз далаға шыққан кезде өрт болып жатыр, көліктер жанып жатыр. Сол кезде біздің бірінші тұрған Hyundai Elantra көлігіміздің артқы жағы жанып кеткен. Оны құтқара алмағанымыздан, екінші көлігіміз осы қатардың бойында тұрғандықтан, оны құтқарам деп ағам машинаны оталдырып, шыққан кезде Lexus автокөлігіне соғылып, өрт арасынан атып шығып, өзінің денесін күйдіріп алды. Қолы, аяғы, бет-әлпеті, шашы 50 пайыз жарақат алды. Қазір ауыр жағдайда дейді, — деді Дулат Ілиясов.
Оның айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына шамамен жеті минут ішінде келген. Алайда екпінді желдің салдарынан жалын қысқа уақытта бірнеше көлікке тараған.
Дулат Ілиясовтің сөзінше, оқиғадан кейін құқық қорғау органдары оқиға орнына келгенімен, көлік иелеріне жағдайдың қалай өрбігені және әрі қарай қандай әрекет жасау керек екені туралы нақты ақпарат берілмеген.
— Олар бәрі келді. Бірақ нақты ақпарат ешкім берген жоқ. “Нөмірлеріңізді беріңіз, қай жерге, кімге хабарласу керек?” дедім. Ешқандай мағлұмат жоқ. Әлі күнге дейін. Тек өрт сөндіру органында жұмыс істейтін бір кісі маған хабарын айтып, қалай істеу керек екенін түсіндірді, бірақ мен арыз жаза алмаймын. Себебі мен көліктің иесі емеспін. Құжат бойынша оның иесі — ағам, — деді ол.
Ілиясовтің айтуынша, өртенген көліктердің екеуі де несиеге алынған және олардың қарызы әлі толық өтелмеген. Оның сөзінше, мұндай жағдайда сақтандыру мәселесі де көлік иелері үшін өзекті болып отыр.
Оқиғаның нақты себептері, өрттің шығуына не себеп болғаны және көлік иелеріне келтірілген шығын көлемі әзірше белгісіз.
Ulysmedia.kz аталған оқиғаға қатысты Астана полиция департаментіне сауал жолдады. Редакция ресми жауап түскен жағдайда оны жариялайды.