×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Батыл қадам, демократия мен мемқызметкерлер айлығы жайлы: Тоқаев жастармен кездесуде не деді

20.02.2024, 15:13
Ақорда фотосуреттерінен коллаж

Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Өзгерістердің қозғаушы күші жайлы

Жиын алдында мемлекет басшысына Президенттік жастар кадр резервінің қатарына әр жылдары өткен мамандардың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, президентке «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің артықшылықтары, Citix компаниясы өнімдерінің экспорттық әлеуеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика секторына инвестор тарту тәжірибесі, сондай-ақ бюджеттік процестерді оңтайландыруға арналған «eAkimat365» ақпараттық жүйесі туралы мәлімет берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде жастардың осынау инновациялық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Президенттің пікірінше, мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек.

– Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Осы орайда мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Жайылғанова кезінде осы бастаманы жүзеге асыруға мол үлес қосқанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталады

Мемлекет басшысы жуырда аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталатынын мәлімдеген. Әкімдер оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеру маңызды. Президент мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту мәселесіне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп үстемдігі болуға тиіс.

– Заң мен тәртіп орнамаса, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу қиын болады. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Бұл демократия шектеледі деген сөз емес, керісінше, еліміздің егемендігін нығайтып, демократияны дамыта түседі, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, билік өкілдері әрдайым халықпен бірге, яғни азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Кез келген мәселені уақытылы шешіп отыру – негізгі міндет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» дәл осындай құндылықтар орнығуы керек.

Сингапурдың тәжірибесіне назар

Президент мемлекеттік қызметте білікті салалық мамандардың тапшылығы сезілетінін айтқан.

– Бұл ретте еліміздегі бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар жеткілікті. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру керек. Мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн. Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін анағұрлым еркін, жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін жеке сектормен бәсекелес еңбекақы белгілеу қажет екенін атап өтті.

– Әрине жалақы мен сыйақыны шектен тыс көп беруге болмайды. Бірақ таңертеңнен кешке дейін, уақытпен санаспай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге белгілі бір деңгейде материалдық өтемақы төленуі керек деп санаймын. Мәселе – өте өзекті. Біз мұны мемлекеттік қызметшілердің пайдасына шешеміз. Олардың баспана мәселесін де тиісті деңгейде шешу керек. Бұл бойынша Сингапур және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Серіктес жаңалықтары