Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін уақытша тоқтатты

Сырым Қаржас

Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт (ҰҚШҰ) ұйымындағы мүшелігін уақытша тоқтатты. Елдің премьер-министрі Никол Пашинян France 24 телеарнасына берген сұхбатында осылай деді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Премьер-министр "Ресей үстемдік ететін" ұйымнан Арменияны шығарғыңыз келе ме деген сұраққа жауап берді. Пашинян Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ереванға қатысты, әсіресе 2021-2022 жылдары орындалмағанын және ел оны назардан тыс қалдыра алмайтынын атап өтті. Арменияның шартқа қатысуы тоқтатылды.

Пашиняннан тілші Армения аумағында Ресей әскери базасының жабылуы мүмкін бе деп сұрады. Премьер бұл мәселе күн тәртібінде тұрмағанын айтады.

Армения және ҰҚШҰ

Арменияның солтүстігіндегі Гүмриде Мәскеу мен Ереванның 1995 жылғы мемлекетаралық шарты бойынша 102-ші ресейлік әскери базасы орналастырылған. Ол ТМД әуе қорғанысының біріккен жүйесі шеңберінде жауынгерлік кезекшілікті атқарады. 2010 жылы тараптар шарттың қолданылу мерзімін 2044 жылға дейін ұзартқан.

Ақпан айының басында The Daily Telegraph газетіне берген сұхбатында Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігін қайта қарастыруы мүмкін екенін мәлімдеді. 2023 жылы ел ұйым шеңберіндегі бірқатар іс-шараға, атап айтқанда қараша айында Минскіде өткен екі оқу-жаттығуға және саммитке қатысқан жоқ. Кремль бұл мәселеге өкінішін білдірді. Ереван ұйымнан кетуді әзірге жоспарламайтынын атап өтті.

Дәстүрлі түрде одақтас болған Ресей мен Армения арасындағы қарым-қатынас кейінгі кезде нашарлап барады. Ереванда Мәскеу мен ҰҚШҰ Таулы Қарабақта әрекетсіздік жасады деп айыпталуда. Ресей өз кезегінде Арменияның ЕО-мен байланысын нығайтуға және елдің халықаралық қылмыстық сотқа қосылуына наразы.