Қазақстанда зиянды тағамдарды жарнамалауға тыйым салынатын болды

Ғалиасқар Думан

Бұған дейін Сенат депутаттары балаларды зиянды тауарлардың жарнамасынан қорғауды ұсынған. Вице-премьер Тамара Дүйсенова бұл мәселені бірнеше министрлік пысықтап жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

– Денсаулық сақтау министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық телерадиоарналарда балаларға зиянды тауарларды жарнамалауға уақытша шектеулер енгізу мәселесін пысықтап жатыр, – дейді Дүйсенова жауабында.

Зиянды тауарлар қатарына қант, тұз және транс майлары көп тағамдар енгізіледі. Дүйсенованың айтуынша, жарнаманы шектеуден басқа, қажетсіз тағамды тұтынуды азайтудың басқа шаралары қарастырылады.

– Кәсіпкерлермен аса маңызды заттардың құрамын ескере отырып, тамақ өнімдерін буып-түюге қосымша түсті индикациямен таңбалауды енгізу бойынша жұмыс жалғасады, – дейді ол.

Бұған дейін құрамында қант бар сусындарға салық салу ұсынылды, қазір бұл мәселе Мәжілісте талқыланып жатыр.