Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанадан әлі қоқыс шығарады: оның орнын кім басады

Ғалиасқар Думан

Әлия Назарбаевамен келісімшарт шамамен алты жыл бұрын жасалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектен Әлия Назарбаеваның компаниясы елордадан қоқысты әлі де шығарып жатыр ма деген сұрақ қойылды.

– Биыл бұл компаниямен келісімшарт аяқталады. Ол бүгін де бүкіл қалада жұмыс істейді. Онымен келісім 5-6 жыл бұрын жасалған шығар. Осы жылдан бастап сәуір айының басында конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз. Қаланы бес ауданға бөлеміз. Қала екі есе өсті, сәйкесінше тұрғындар саныда артты, – деді ол.

Әкім қазір қаланы тазалауға 150-160 машина қажет екенін айтады. Оның сөзінше, Астанада қоқыс шығару бойынша 3-4 компания жұмыс істейтін болады.

Айта кетейік, бұған дейін Әлия Назарбаева ҚТЖ билеттерін сату және Астанада қоқыс шығару бойынша бизнестен кеткені хабарланған болатын.

Бұған дейін "SLEAN City NC" ЖШС құрылтайшысы Green Future Management LTD компаниясы екені хабарланған. Оған Әлия Назарбаева иелік етеді. Сондай-ақ, Қазақстанның экс-президентінің кіші қызы 2014 жылдан бастап әрбір онлайн-билетті сатудан пайда тапқаны анықталды. Келісімшарт тоғыз жыл мерзімге – 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалған.