Елімізде алғаш рет пара үстел теннисінен халықаралық турнир өтіп жатыр

Оралхан Қожанов

Әлемнің 19 елінен келген 150 спортшы Париждегі Паралимпиада ойындарына берілетін жолдаманы сарапқа салуда, деп жазады Ulysmedia.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.

24.kz сайты

«Астана Пара Оупен 2024» жарысы спортшыларға ұпай жинап, халықаралық рейтингте орын алуға мүмкіндік беретінін де атап өткен жөн.

«Астана Пара Оупен 2024» турнирінің ашылуына Халықаралық пара үстел теннисі федерациясының басшысы Пабло Перестің өзі қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Айтулы бәсекеде Қазақстан намысын 50 пара атлет қорғайды. Бағы мен бабын сайлап келген спортшыларымыздың бірі –  атыраулық Ерлан Ғазиев.

“Айтулы жарыс мен үшін өте маңызды. Бұл менің арманым десе де болады. Олимпиада ойындарына жолдама алу – басты мақсат. Бұл жарыс Олимпиада ойындарына жолдама береді, лицензия береді. Тактикалық, техникалық жағынан схема құрып дайындалып келдік, – деді Қазақстан құрамасының ойыншысы.

Турнир қатысушыларының арасында параолимпиада жеңімпаздары, Еуропа және Азия чемпиондары бар. Ұлыбританиядан келген пара спортшылар азулы ойыншылардың қатарында.

“Қазақстанда мықты пара спортшылар бар. Жарыс қарсаңында олардың ойынын қарап, әдіс-тәсілдерін зерттедім. Олар бұл сайыста біздің басты бәсекелестеріміздің бірі. Сондықтан тыңғылықты дайындықпен келдім”, – дейді Ұлыбритания құрамасының ойыншысы Сиол Пишуп.

Байрақты бәсеке үш күнге созылмақ.