Әлеуметтік шиеленіс туғызады – Бектенов Ли Куан Юдың моделін енгізуге неге келіспейді

Аян Өрібай

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Қазақстандағы халықтың баспана мәселесін шешу үшін сингапурлық модельді енгізуді ұсынған. Алайда мәжілісмендерге жауап берген Үкімет басшысы сингапурлық модельді Қазақстанға енгізуге неге келіспейтінін түсіндірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Депутаттар нені ұсынды?

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков Сингапурдағы бір бағдарлама сондағы халықтың тұрғын үй мәселесін қалай шешкенін айтып берген. Оның сөзінше, Ли Куан Ю өзі құрған Орталық жинақ қорын (ОЖҚ) мысалға келтіруге болады. Қор құрылған сәттен бастап Сингапурдың әрбір азаматы міндетті түрде ай сайын өз табысының 20 пайызын сол қорға аударады. Дәл сонша соманы оны ай сайын бастығы да өз шотынан аударып отырады. Бұл жарна қосылғанда жалақы қорының 40 пайызын құрайды. Баспанаға ақша осылай жиналған-мыс. 

– Синпагурдағы мемлекеттік тұрғын үйлер сол елдің тұрғын үй басқармасына қарайды. Жылжымайтын мүлікті сату мүмкіндігін қарастырып, ұзақ мерзімге жалға беру тетігі нарықта "көпіршік" қаупін азайтады. Сингапур халқының 80%-дан астамы пәтерде тұрады, – деген Стамбеков.

Бектеновтың жауабы

Кабмин бұл ұсынысты қолай көрмепті. Жауабында былай дейді:

– Қазақстанда зейнетақы қорына аударымдардың сингапурлық моделін іске асыру кезінде теріс салдарға апаруы мүмкін екенін айта кету керек. Мысалы, Қазақстан азаматтарының жалақысы Сингапурға қарағанда едәуір төмен және аударымдар мөлшерінің артуы олардың қосымша төмендеуіне әкеледі. Ақыры, әлеуметтік шиеленіс пайда болады, – делінген Бектеновтың жауабында.

Бұдан басқа, міндетті аударымдар бойынша жүктемені азайту мақсатында жұмыс берушілер тарапынан ресми жалақының мөлшерін әдейі төмендету тәуекелдері туындауы мүмкін екенін ескертеді Үкімет.