Министр Сәтқалиев БАҚ-тан кешірім сұрауды талап етті

Аян Өрібай

Бүгін Үкімет отырысына кіріп бара жатқан Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен журналистер атом электр станциясына байланысты сұрақ қойып үлгерді. Министрден АЭС бойынша референдум қашан өткізілетіні сұралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Сәтқалиев не дейді

– Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев таяуда берген сұхбатында атом электр станциясына байланысты референдум жыл соңында өткізілуі мүмкін екенін айтты. Бұл қаншалықты рас ақпарат? – деп сұрады журналистер Сәтқалиевтен.

Бұл сұраққа жауап берген Сәтқалиев референдум мерзіміне байланысты әрдайым жалған ақпарат тарап жатқанын айтты. Абаев жайлы айтқан жоқ.

– Бұқаралық ақппарат құралдарында әрдайым “Сәтқалиев референдум осы кезде өтеді деп айтты” дегендей ақпараттар жиі шығады. Сол басылым ресми түрде кешірім сұрауы тиіс деп есептеймін! Себебі мен “заңнамаға сәйкес” деп сөйлеп, халықтың талабы мен жігері ескерілетінін айттым. Мемлекет басшысы бұл бағытта саяси шешім қабылдады. Біз соған сәйкес, референдум өткізумен айналысамыз, – дейді ол.

Энергетика министрі жалған ақпарат таратқан басылым “менен кешірім сұрауы керек” деді. Бірақ нақты басылымдф атамады. Оның сөзінше, қазір өңірлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал референдум өтетін күн әлі белгіленбеген.

АЭС-ті қай мемлекет салады

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, жуық арада түсе де қоймайтыны анық. Әуелі АЭС құрылысы жайлы сөз болғанда жұртшылықтан қолдаудан гөрі қарсылық көп болған. Үлкен ауылындағы бір тыңдаудан кейін билік те референдум өткізбей, шешім қабылдау қиын екенін түсінсе керек. Тоқаев "референдум өтеді" дегелі алты ай өтіп кетті. Оның өтер күні әлі белгіленген жоқ.

Ulysmedia.kz тілшісі осы тақырыпта Қазақстан атом электр станциялары компаниясының басшысы Тимур Жантикинді сөзге тартып көрген еді.