1 миллион еуро: Сербия үкіметі су тасқынын зардап шеккен қазақстандықтарға көмек аударды

Ulysmedia

«Қазақстан халқына» қорының есепшотына Сербия үкіметінен су тасқыннан зардап шеккен аудандарда үй салуға 1 миллион еуро түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж: ulysmedia.kz

Бұл туралы  Орталықтың коммуникациялар қызметінің сайтында жарияланды. 

“10 мамырда «Қазақстан халқына» қорының есепшотына Сербия үкіметінен су тасқыннан зардап шеккен аудандарда үй салуға 1 миллион еуро түсті. Бұл шешім екі ел арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік пен достықтың символы болып табылады,” - деп жазды Орталық коммуникациялар қызметі.  

“Екі ел арасындағы ынтымақ деңгейін көрсетеді”

«Бұл жәрдем екі ел арасындағы ынтымақ деңгейін көрсетеді және шетелдік донорлардың біздің қызметімізге артып келе жатқан сенімі мен көмекті бөлудегі ашықтықты көрсетеді», - деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев. 

Жалпы, 2024 жылдың 10 мамырдағы жағдай бойынша табиғи апаттан қираған тұрғын үйлерді салуға қордан бөлінген 10 миллиард теңгеден бөлек қосымша 5,3 миллиард теңге жиналды. 

2024 жылғы 6 мамырда екі елдің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич телефон арқылы сөйлескен болатын. Президенттер екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, бұрын қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру және Қазақстан Президентінің Белградқа алдағы сапарын ұйымдастыру мәселелерін талқылады. 

Қазақстан 2014 жылы алапат су тасқынына байланысты Сербияға шатыр, дәрі-дәрмек пен ең қажетті заттарды жіберіп, гуманитарлық көмек көрсеткен еді.