×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Конституциялық сот мектепте хиджабқа салынған тыйымға қарсы арызды қараудан бас тартты

16.05.2024, 18:12
Конституциялық сот мектепте хиджабқа салынған тыйымға қарсы арызды қараудан бас тартты

Қазақстанның Конституциялық соты мектепте хиджабқа салынған тыйымға қарсы ата-аналардан түскен арызды қараудан бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz  порталы Азаттыққа сілтемемен.

Сотта не дейді

Конституциялық сот баласы мектепте оқитын бір топ ата-ананың Қазақстан білім министрінің "Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрығының 13-тармағын "Конституцияға қайшы" деп тануды сұрап берген өтінішін қараудан бас тартқан. Балалары басына байлаған орамалға бола мектепке кіре алмай жүрген ата-аналардың қолына Конституциялық соттың жауабы 14 мамырда тиген.

Конституциялық сотқа ата-аналардың өтініші Қарағанды облысының мамандандырылған әкімшілік сотынан келіп түскен. Білім министрлігінің бұйрығын "Конституцияға қайшы" деп тануды сұраған ата-аналар арызын осы әкімшілік сотқа жазған. Ол сот өтінішке байланысты Конституциялық сотқа жүгінгендіктен, ата-аналардың арызын қарауды тоқтата тұрады.

Қаулы

Конституциялық соттың қаулысында көрсетілгендей, ауданаралық әкімшілік сот оқушы таққан орамалды "әйел бас киіміне" жатқызады және соттың пікірінше, білім министрі бұйрығында Конституцияда бекітілген бірқатар норманы бұзу белгілері бар. Алайда Конституциялық сот мәселені қараудан бас тартқан. Конституциялық сот мұнысын соттардың немесе басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мәселелерді анықтаудан, зерттеуден және тексеруден "тартынатындығымен" түсіндірген. Бұған қоса Конституциялық сот әкімшілік соттың "бұйрық шығарған мемлекеттік органның орналасқан жерін, оны жариялаған дерек көзін көрсетпегенін" айтқан. Ата-аналар мен оларға көмектесіп жүрген заңгерлер мұны соттың бұл мәселені қарауға құлықсыздығымен байланыстырады.

Қазіргі уақытта Қазақстан соттарында мектеп әкімшіліктерінің орамал тартқан қыздарды сабаққа кіргізбеу жөніндегі іс-әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған адамдардан түскен 13 талап арыз бар —Қарағанды облысында он талап арыз және Алматы, Павлодар мен Түркістан облыстарында бір-бірден. Ол соттар Конституциялық сотқа жүгінгендіктен, олардың талап-арызын қарау байланысты уақытша тоқтап тұр.

Ата-аналардың шағымы

Биыл Қарағанды облыстық соты білім бөлімдерінің атына жеке ұйғарымдар шығарған, сол кезде сот оқушыны мектеп формасына қойылатын талапты бұзғаны үшін оқу процесіне орамал таққан күйі кіргізбеу ол балалардың "Конституцияда кепілдік берілген құқығын бұзуға" жататынын анықтаған. Бірақ мәселе әлі шешілген жоқ дейді ата-аналар.

Пікір білдіргендер

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы әлеуметтік желіде “ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді” деп жазған еді.

Бұл мәселе туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев  жекелеген азаматтардың мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру туралы талабына қатысты пікір білдірген.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров кез келген діни шектеулер конституциялық құқықтардың бұзылуына алып келетінін мәлімдеген. Ал оның әріптесі Ардақ Назаров Қазақстан зайырлы мемлекет екенін еске салып, оның әрбір азаматы заңға бағынуы керегін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейтінін мәлім етті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да ойын айтқан.