Автожолдағы жемқорлық. Антикор тексеріс жүргізеді

Ғалиасқар Думан

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысындағы жемқорлықтарға байланысты талдау жүргізбек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Көлік министрлігі жол құрылысы саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне бірлескен сыртқы талдау жүргізеді.   

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали мен Көлік министрі Марат Қарабаев бірлескен кеңесте талдау барысында шешілуі қажет өзекті мәселелер мен міндеттерді талқылады.   

Соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 64 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеп, 70 адамды әшкереледі, 38 адам сотталды. Залал сомасы 8,8 млрд теңгені құрады.  

Негізінен қылмыстар парақорлық, жымқыру, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілерімен байланысты.   

«Жол жұмыстары сапасының төмендігі құрылыстың барлық кезеңдерінде (бюджеттік жоспарлау, жобалау, сметалық жоспарлау, жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы, техникалық қадағалау, қабылдау, пайдалануды бақылау) жүйелі жемқорлық тәуекелдерімен байланысты,» – деп жазды Антикордың баспасөз қызметі. 

Осыған орай, жол саласына бөлінген барлық қаражатты жоспарлау және жұмсау үдерістері зерделеніп, жол құрылысының халықаралық тәжірибесін, атап айтқанда, Гонконг, Сингапур, Қытай тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылатын болады. Талдау нәтижелері бойынша жол құрылысының барлық кезеңдерінде жемқорлық тәуекелдерін жою және жолын кесу күтілуде. Ғылыми қауымдастықпен бірлесіп құрылыстың жаңа технологияларын енгізу тетіктері әзірленіп, ұсынылмақ. 

Бұған дейін

Алматы прокурорлары автомобиль жолдарын жөндеу кезінде заң бұзылған фактілерді анықтағанын жазған едік.