Жас футболшының есімі Ислам Әділханов, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ислам Әділханов Ақтөбе қаласының тумасы. 2007 жылы дүниеге келген.
Жасөспірім 10 жылдан бері бір бүйрексіз жүр. Бірақ бұл оған футболмен кәсіби түрде айналысуға кедергі болған емес.
Арманы Австрия чемпионатындағы веналық “Рапид” клубында ойнау. Кез-келген қиындықты өзіне сынақ ретінде қабылдайтын қайсар жан.
Оның бір бүйрегі ғана бар екенін білгенде спорттағылар таң қалған. 15 маусым күні ол кәсіби футболдағы алғашқы ойынын өткізеді.
Айта кетейік әлемдік аяқдоп тарихында ауыр сырқатқа шалдығып үлкен жетістікке жеткендер аз емес. Мысалы Лионель Мессиге дәрігер соматотропин (бой өсуіне жауапты гармон) жетіспеушілігі диагнозын қойған. Бірақ бұл оның футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың біріне айналуына кедергі болған жоқ. Сондай-ақ “Реал Мадрид” жұлдызы Дани Карвахаль да жүрек ауруымен ауырып, артынша оны жеңіп ең мықты аяқдопшылардың біріне айналды.
Ислам Әділханов да әлемдік аренеда қазақ футболының жарқын өкілі боларына сенеді.
Бұған дейін
Қазақстанда әйгілі “Атлетико Мадрид” клубының академиясы ашылатыны белгілі болған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубының президенті Энрике Сересо Торресті қабылдаған. Оған елімізде «Атлетико Мадрид» футбол академиясын ашу жобасы таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев испаниялық клубтың футбол әлеміндегі беделі зор екенін атап өтіп, Қазақстанда спорттың осы түрін дамытуға және тәжірибе алмасуға қызығушылық танытқаны үшін Энрике Сересо Торреске алғыс білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда футболды дамытуға айрықша назар аударылады. Қазір еліміздегі спорт мектептерінде, футбол секцияларында 40 мыңға жуық бала жаттығады. Сондай-ақ инфрақұрылым жақсартылып, жаңа стадиондар салынып жатыр.