Назарбаев мектебі оқушы қызды орамал таққаны үшін оқудан шығарған: сот шешім қабылдады

Ғалиасқар Думан

Қарағанды соты оқушы қызды орамалына бола мектептен шеттетуді заңсыз деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап. 

Азаттық

2023 жылы қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебі әкімшілігі діни наным-сеніміне байланысты басына ақ орамал тартқан 13 жастағы Әнелді сабаққа кіргізбей қойған, кейін оқудан шығарып жіберген.

Оқушы қыздың әкесі Болат Мусин жарты жылдан астам уақыт бойы түрлі мемлекеттік мекемелерге, соның ішінде сот органдарына жүгініп, баласын мектепке қайта қабылдауды талап еткен.

Сөйтіп жүріп ақыры оқу жылы аяқталғаннан кейін әкiмшiлiк iс бойынша тыңдау өткізуді ұйғарған. Талап-арыз бір-ақ күнде қаралып, осы іс бойынша тараптардың ұстанымын тыңдап, оқушы қыздың қалай киінгенін, басындағы орамалдың пішін қандай екенін қарай келе, оны ішінара қанағаттандыру жөнінде шешім шықты:

Оқушыны мектептен шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойды, ал мектеп әкімшілігін оқушыны мектепке қайтаруға және 8 сыныпқа ауыстыруға міндеттеді.