Жекпе-жек алдындағы жаттығу барысында денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскен қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының рингке қашан оралатыны белгілі болды, деп хабарлайды Ulys Sport.
Бұл туралы боксшының PR-менеджері Берік Сұлтан әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Сонымен қатар ол Жәнібекке алаңдап, тілеулес болған барша жанкүйерге алғысын білдірді.
Боксшы 2-3 ай демалады
“Құрметті ағайын! Жекпе-жек болмайды деген жаңалықты оқып сіздердің де көңіл күйлеріңіз түскенін білеміз. Себебі жанашыр, тілеулес екендеріңізді білеміз! Әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама жанкүйер өнерімізді көрсек деп асыға күтті. Біз де рингте Qazaq style-ды көрсету үшін барымызды салып дайындалдық. Дегенмен көп спортшылар сияқты біз де салмақ жасау барысында қиындыққа тап болдық. Бірінші рет осындай жағдайды бастан өткердік. Оңай емес екен! Түнімен ауруханада болдық! Мұны да көру керек болған шығар! Қазір Жәнібектің жағдайы бірқалыпты! Денсаулық бірінші орында! Бұйыртса 2-3 ай қалыпқа келіп, рингке қайта ораламыз”, деді Б.Сұлтан.
“Біз жауынгерміз...”
Ал ауруханадан үйге оралған Ж.Әлімханұлы да өзін уайымдап қалған көпшілікке, жанкүйерлеріне әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді.
“Әр қиындық артында жеңілдік бар! Салмақ қуу барысындағы сынақты да бастан өткізіп жатырмыз, ағайын! Уайымдап жатқан жанашыр жанның бәріне көп рақмет! Аллаға шүкір, ауруханадан шықтық. Денсаулық бірінші орында! Ауырмаңыздар, жақындарыңыз ауырмасын! Біз жауынгерміз ғой, мұндай сынақтар бізді сындырмайды, шыңдайды! Бұйыртса әлі талай әлемге қазақ стилін көрсетеміз! Қолдауларыңызға рақмет”, деді Ж.Әлімханұлы.
Еске сала кетсек, қазақ боксшысы, WBO/IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жаңа зеландиялық қарсыласы Андрей Михайловичке қарсы өтетін жекпе-жек алдындағы салмақ түсіру жаттығулары барысында ағзаның сусыздануы салдарынан әлсіреп, ауруханаға түсіп қалған еді.