Бір көзден берілетін 1,6 млрд. Қасымбек қала мәселесін қалай шешпек?

Әлихан Асқақ

Елорда әкімдігі нөсер кәріз жүйелерін, су бұрғыш арықтарды күтіп ұстау, пайдалану, тазалау қызметтеріне 1,6 млрд теңгенің тендерін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

Аталған қаражатқа 2 қар еріту машинасы, 1 өндірістік және материалдық-техникалық база, 3 дөңгелекті эксковатор, 15 вакуумдық машина, 2 шасси, 1 бу цистерна алынады.

Мұнан бөлек, С санаттағы 18 жүргізуші, 3 машинист-механизатор, 50 авариялық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі, 50 тазарту құрылыстарының операторы, 10 сорғы қондырғыларының машинисі жұмысқа алынады.

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерде сүйенсек, 2 күннен кейін тендердің жеңімпазы анықталады, бірақ анықталады дегеннен гөрі әлден белгілі десек болады.

Бір көзден сатып алу тәсілімен өтіп жатқан конкурста бір-ақ компанияның аты белгілі. Ол «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК. Компанияның құрылтайшысы Астана қаласының әкімдігі, «Астана қаласының отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ.

Қызметті ұсынушы компания қалаға жауын-шашын жауғанда бір сағаттан кешікпей жұмысын бастауға тиіс.

«Elorda Eco System» компаниясы 24 км дренаждық желіні, 562,2 км нөсерлі кәріз желісін, 48,8 км науалық-арық желісін тазарту, 17 тазарту құрылысының, 1 жинақтаушы тоғанның, 114 сорғы станциясының, 28 иесіз 20082 бірлік құдықтың жұмыс жағдайын қамтамасыз етпек.

Әдетте елордаға жарты күн жаңбыр жауса, көше беті көлге айналып, қала халқы толарсақтан су кешеді. Бұл көріністі жұртшылық Астана астана болғалы көріп келе жатыр. Алғашқы президенттің ЭКСПО халықаралық көрмесіне дайындық кезінде суға кеткен көшелердің суретін көріп, бұрынғы әкім Әділбек Жақсыбековке «ЭКСПО-ға моторлы қайықтар дайында, бүкіл әлемге масқара болайық. Жөндеп кіріс» деген қанатты сөзі бар еді. Сол кезде шаһар басшылығы проблеманы 3 жылда шешеміз деп уәде берген. Алайда арада 8 жыл өтті – «баяғы жартас – сол жартас».