Қазақстандық әуе компаниялары АҚШ-қа еркін ұша алады

Аян Өрібай

Мәжіліс қабырғасында ҚР мен АҚШ үкіметтері арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Заң жобасын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қорғады. Оның айтуынша, келісімнің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашу үшін құқықтық база құру.

«Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе қатынасын ырықтандыру жөніндегі ұсыныстарына және Америка тарапының ұсыныстарына сәйкес, келісім шеңберінде тараптар әуе компаниялары, пункттер мен рейстер саны бойынша, оның ішінде жолаушылар тасымалдары үшін «әуе еркіндігінің» 5 (бесінші) деңгейімен шектеусіз ұша алады. Бұл - ел тарихындағы алғашқы «ашық аспан» режиміндегі келісім. Яғни, кез келген қазақстандық әуе компаниясы үшінші елдерге жолаушыларды жеткізу және әкелу құқығымен Қазақстанның кез келген қаласынан Америка Құрама Штаттарының кез келген қаласына рейстер бойынша шексіз санмен жолаушылар тасымалын, сондай-ақ Америка Құрама Штаттары пункттері мен ол елден тыс кез келген пункт арасында жүк тасымалын орындай алады», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Министр сонымен қатар келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдаудың өзі Қазақстан тарапынан қосымша бюджеттік шығындар мен міндеттемелерге алып келмейтінін, еліміздің көліктік қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын мәлім етті.

Айта кетсек, Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес, әуе еркіндігінің 9 деңгейі бар. Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, пандемияға дейін, 2019 жылғы стаститкиаға байланысты Қазақстан мен АҚШ арасында жылына 164 мыңдай жолаушы ұшып жүрген. 2020-2021 жылдары саяхаттайтын немесе бизнес жолаушылар да азайған.

«Келісімге сәйкес, әуе сапарлары басталса, Қазақстанның әуе компаниялары АҚШ-та бөлімін ашады. Қазіргі таңда билет сататын өкілдік бар», - деді министр.