Сот міндеттеді: СІМ Кореяда көз жұмған баланың денесін елге жеткізеді

Сырым Қаржас

Әуелі Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қаза тапқан қазақстандықтың денесін елге жеткізу ісін тоқтатқан. Себебі бұл істің шығынын марқұмның анасы төлеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Қазақстан азаматы 2001 жылы туған ұлын емдеу үшін Оңтүстік Кореяға апарған. Баланың диагнозы – онкология. Ұлы ауруханада көз жұмған.

– Қайтыс болған адамның анасы Корея Республикасындағы Қазақстан елшілігіне ұлының денесің елге жеткізу үшін шығынды өтеу бойынша қаржылық көмек сұрап, өтінішпен жүгінген. Мәселені шешуді күтпестен қайырымдылық есебінен мәйітті мәйітханада бальзамдап сақтау, Қазақстанға әуе көлігімен тасымалдау жөніндегі қызмет көмек жетпей жатып төленген, - деп хабарлады сот.

СІМ шешімі

СІМ осылайша әкімшілік рәсімді тоқтатып, қаржылық көмек көрсетуден бас тартуға негіз бар деген шешімге келген. Марқұмның анасы келіспей, сотқа жүгінген.

Сот

– Анасы ұлы қайтыс болған күні ертеңінде елшілікке жүгінген. Қазақстан азаматы қайтыс болған жағдайда консул оны тиісті құрметпен жерлеуге немесе қайтыс болған адамның денесін Қазақстанға жеткізу шараларын қабылдайды.

Сот қазақстандық дипломаттар (консул) марқұмды жерлеу немесе қайтыс болған адамның денесін жіберу бойынша шаралар қабылдауға міндетті деп есептейді. Ережелерде мұндай шығындарды өтеуге тыйым салынбайды.

– Елшілік бұл әрекеттерді қаржылық көмектен және тиісті рәсімдерден бас тарту ретінде негізсіз бағалады. Талапкердің жерлеу қызметінің қызметтерін қарыз қаражаты мен жиналған қайырымдылықтар есебінен төлеуі мемлекетті шетелде қиын жағдайға тап болған өз азаматтарына қаржылық көмек көрсету міндетінен босатпайды. Белгіленген мән-жайларды ескере отырып, сот талапкердің талаптарын толық көлемде қанағаттандырды, - делінген хабарламада. 

Министрлік өтініш бойынша қозғалған әкімшілік рәсімді қайта жүргізіп, соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттелді.