БАҚ Сәуле Омарованың 26 жыл бұрын ұрлық жасағанын жария етті

Ulysmedia

АҚШ президенті Джо Байден Америка Қаржы министрлігінің валюталық бақылау басқармасының басшысы лауазымына ұсынған қазақстандық Сәуле Омарова 1995 жылы дүкенде ұрлық жасағаны үшін ұсталды. Бұл туралы Fox News-ке сілтеме жасап хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Висконсин Әділет министрлігінің мәліметінше, 28 жаста болған Сәуле Омарова 1995 жылы әмбебап дүкеннен 214 доллар тұратын тауар ұрлағаны үшін ұсталған. Ол төрт аяқ киім, екі иіс су, екі белбеу және шұлық алып кеткен.

Омарова ұсталып қалған соң, өз әрекетін мойындап және ұрланған тауарлар үшін төлем жасаған. Содан соң айыптау тоқтатылған.

Бұл оқиға Сенатта белгілі болды, ал Ақ үй оның кандидатурасын қолдауды жалғастырып жатыр.

Бұдан бұрын АҚШ-тың қаржылық лоббиі Омарованың кандидатурасына қарсы болып жатқанын жазған болатынбыз.