Ескі уақытты қайтару жөніндегі петицияға байланысты таяуда шешім шыққанымен, мәселе Парламентте қайта көтерілетін болды. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде депутат Ерлан Сайыров айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат не дейді
– Бүгін ғана Шығыс Қазақстанға келдім. Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Марқакөл ауданында болдық. Ол жақта таңғыт сағат 03.15 кезінде күн шақырайып шығып кетеді. Әрине, бүл адамдардың биологиялық ритміне өте қолайсыз. Сондықтан, мемлекеттің адамдардың табиғи геніне қатысты мәселесі шешілуі керек. Бұл барып тұрған волюнтаризм деп ойлаймын. Сондықтан, депутаттар осы уақытты басқа облыстарда кері қайтару мәселесі күзде міндетті түрде көтереді, – дейді Сайыров.
Депутат мемлекеттің негізгі жұмысы – халықтың өміріне кедергі жасау емес, керісінше, халықтың өмірін қалпына келтіру екенін айтып, шағым айтқан азаматтардың мәселесі көтерілетінін жеткізді.
Петиция бойынша шешім
Еске сала кетейік, өткен аптада Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жаңа уақыт белдеуінің күшін жоюға байланысты петиция қаралғанын, шешім шыққанын айтқан еді. Оның мәліметінше, мемлекеттік органдар өкілдерінің, петиция авторларының, депутаттардың, қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың қатысуымен құрылған жұмыс тобының пікірін ескерген. Шаққалиев сондай-ақ, сағатты ауыстыру тұтынушылар санының ұлғаюына және елдегі жаңа объектілердің іске қосылуына қарамастан, елдегі электр энергиясын жалпы тұтынуға әсер еткен жоқ деп есептейді.
– Бұл - Энергетика және Ұлттық экономика министрліктерінің цифрларымен бекітілген факт. Ал еңбек қатынасына келетін болсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Әкімдіктермен бірлесіп өңірдегі күннің ұзақтығын ескере отырып, ұйымдар мен кәсіпорындарға жұмыс кестесін түзету мүмкіндігін түсіндіру ұсынылады. Барлық дәлелдер мен ұсынымдарды және уақытты ауыстырудың теріс салдарын дәлелдейтін ғылыми негіздегі мәліметтердің жоқтығын назарға ала отырып, Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады, – дейді Шаққалиев.
Петиция
Шенеуніктер бұған дейін уәде еткендей, енді Үкіметте Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қарау үшін жұмыс тобын құрылуы тиіс. Себебі ірыңғай уақыт белдеуіне қарсы ресми петиция 50 мың қол жинаған.
Жаңа уақыт белдеуі
Қазақстанда биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Үкімет басшысы таяуда Қазақстан аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы қаулыға қол қойған еді.