Студенттерге Алматыдағы оқуға жету үшін қандай жеңілдік жасалады?

Қалижан Бектемір

Оқу жылы қарсаңында студенттерді тасымалдауға арналған қосымша вагондар іске қосылады, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Дмитрий Лисин / lissin.kz

Бұл жұмыс «Жолаушылар тасымалы»  акционерлік қоғамымен бірігіп істелініп жатыр.

АҚТАУДАН ҚОСЫМША 8 ВАГОН ҚОСЫЛАДЫ

Жаңа оқу жылы қарсаңында Батыс өңірлері тұрғындарының сұранысына сәйкес қосымша бағыттарды іске қосу туралы шешім қабылданды. Пойыздар Ақтау мен Атырау қалаларынан шығып, Алматы қаласына дейін студенттерді тасымалдайды.

Кондиционерлері қарастырылған жаңа вагондар жазғы уақытта еліміздің аумағы бойынша басқа бағыттарға қатынайды. Сол себепті жоғарыда аталған вагондарда кондиционер жүйесі болмайды. Теміржол және су көлігі комитеті жас жолаушылардан қолайсыздықтар үшін алдын-ала кешірім сұрайды.

Маршруттарға нақты тоқталсақ, Ақтау-Алматы бағытында қосымша 360 жолаушыға арналған 8 жолаушы вагоны қатынайды.

Бұл бағыттағы вагон 23 тамызда  Алматыға жетеді.

АТЫРАУДАН ЖОЛҒА ШЫҒУҒА 3 ВАГОН ДАЙЫН ТҰР

Атырау-Алматы бағытына теміржолшылар қосымша 3 вагон қосады. Бұл 540 жолаушыға арналған. Атырау-Алматы бағытында пойыздар 16,18,20,22 тамызда қатынайды.

Студенттер Ақтау және Атырау қалаларының вокзалдарынан теміржол билеттерін сатып ала алады.

Студенттердің өтініштеріне сәйкес Көлік министрлігі қосымша вагондар қоюға дайын.

Естеріңізге сала кетейік, биыл жаңа вагондар паркі 140 бірлікке жаңартылады. Келесі жылы тағы 226 жаңа вагон келеді. Вагондар паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Жақында Көлік министрлігі кірме жолдарды мемлекеттік меншікке беру рәсімі аяқталғанын мәлімдеді.

600-ден астам кірме теміржолы «Көліктік сервис орталығы» Акционерлік Қоғамының сенімгерлік басқаруына берілді. Кірме жолдарды техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сәйкес оларды жөндеп, қалыпқа келтіру жоспары бекітілді.