Алматыда абаттандыру ережелерін бұзған 43 құрылыс компаниясына айыппұл салынды. Ең көп ескерту тас төсеуіш төсеп, жиектастар орнатқан мердігерлерге қатысты болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Тексерулер 30 қыркүйекте басталып, қаланың бірнеше ауданын қамтыды. Eco Almaty мәліметінше, айыппұл арқалаған 43 ұйымның 33-і тротуар жөндеумен айналысқан. Сондай-ақ ғимараттардың қасбетін жөндеу, кәріз жүйесі мен инженерлік желілерді тарту кезінде заң бұзушылықтар анықталған.
– Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 5,7 млн теңге болатын 1 340 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – деп хабарлады әкімдік.
Арық жөндегендер де жазаланды
Тағы бес ұйым ғимараттардың қасбетін жөндеу кезінде, төрт компания инженерлік коммуникацияларды тарту барысында ереже бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Ал бір компания арық желісіндегі жұмысқа байланысты айыппұл алды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда "Три богатыря" тұрғын үй кешеніндегі заңсыз құрылыс тоқтатылған еді.